ещё
свернуть
Все статьи номера
№6, 2018
БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ

ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ ТУРАЛЫ

Тірек сөздер: техникалық реттеу, өнімнің қауіпсіздігі, адамдардың өмірі мен денсаулығы, ішкі нарықты қорғау, Еуразиялық экономикалық одақ, ЕЭО, техникалық регламенттер, ISO, стандарттау, қадағалау жүйесі.

Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕЭО) құқықтық өрісі өзара байланысты элементтердің кешенді жүйесін білдіретін бірыңғай техникалық реттеуге жол ашты. Оның тетіктері ЕЭО елдерінің арасындағы техникалық тосқауылдарды жояды және бірыңғай қауіпсіз өнім нарығын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау және аккредиттеу жүйесін құрды, олар да отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты қорғауға бағытталған.

Айналымдағы барлық өнімнің 85 %-ына жуығын реттейтін ЕЭО-ның техникалық регламенттерінің 46 -сында бірыңғай міндетті талаптар белгіленді. Бұлар тамақ өнімдеріне, теміржол көлігіне, автомобиьдерге және т. б. қатысты техникалық регламенттер.

ЕЭО-ның 15 техникалық регламентін дайындау жұмысы жалғасуда, оларда энергияның тиімділігіне, торапты құбыр желілеріне, азаматтық қорғаныс өніміне және т. б. қойылатын талаптар белгіленген.

Бүгінгі таңда бізде 7 мыңға жуық ұлттық стандарт (ҚР СТ) қолданылуда, олардың 70 %-ы халықаралық стандарттармен үйлестірілген.

Қазақстан стандарттау, метрология, аккредиттеу жөніндегі беделді халықаралық ұйымдарға мүше, Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның (бұдан әрі – ISO) 108 техникалық комитетіне және кіші комитетіне қатысады. Оған қоса ISO Бас Ассамблеясы 2017 жылғы тамызда Қазақстанды ISO қызметінің саяси, әкімшілік және қаржылық мәселелері жөнінде шешім қабылдайтын ISO Кеңесіне мүше 20 елдің қатарына таңдап алды.

Республикамыздың метрологиялық өлшеу құралдарының 95 %-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 101 эталон мен эталондық жабдықты қамтитын ұлттық эталон базасы құрылды. Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған ең жоғарғы өлшеу мүмкіндіктерінің саны бойынша Орта Азия аймағында бірінші орынға ие. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірыңғай талаптарға орайластырып, сынақ базасы кеңейтілді.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында, ЕЭО-ның техникалық регламенттерінің жаңа талаптарына ауыртпалықсыз өту үшін барлық аймақта үшінші жыл қатарынан барлық саладағы барлық кәсіпорынның 3 мыңнан астам маманын оқыту жүргізілуде.

Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық комиссияның аясында стратегиялық міндет – ресурсты үнемдеу және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында ЕЭО-ға қатысушы елдердің өнеркәсіптік әлеуетін ескере отырып, перспективалық техникалық реттеуге көшу міндеті айқындалды.

Техникалық реттеу жүйесін жетілдіру шаралары

Техникалық реттеу мәселелері бойынша жұмыстарды жандандыру және күшейту үшін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті қауымдастықтардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ғылыми қоғамдастықтың қатысуымен әрбір салалық мемлекеттік органда келіссөз жүргізуші топ құрады, сондай-ақ оған техникалық реттеуге дербес жауапкершілік белгілейді.

Біз бұл жұмысты 2 кезеңде жүргізуді жоспарладық:

1-кезең (2017 – 2018 жж.) – стандарттау, метрология, аккредиттеу;

2-кезең (2019 – 2020 жж.) – мемлекеттік бақылау, сәйкестікті бағалау.

Стандарттау саласындағы даму

Техникалық реттеу жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізу аясында 1-кезеңде стандарттау жүйесін реформалау жұмысы жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Парламентінде «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді, ол өткен жылдың желтоқсанында алғашқы оқылымда мақұлданды. Бұл Заңның қабылданған мерзімі – 2018 жыл.

Халықаралық тәжірибе бойынша қажеттілікті талдаудан бастап стандарттардың қолданылуына мониторинг жүргізуге дейін стандарттарды қабылдау үрдісі құрылады, мұнда осы үрдістің бірыңғай операторы болып табылатын Стандарттау жөніндегі ұлттық орган негізгі рөл атқарады.

Стандарттау жөніндегі ұлттық орган стандарттау бойынша барлық үрдістерді үйлестіріп, стандарттарды барлық мүдделі тараптардың: «мемлекеттің – бизнестің – тұтынушының» тең құқықтығы қағидатының негізінде қабылдау үшін жағдай жасайды. Мұның нәтижесінде сенім туғызатын, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті болатын стандарттар қалыптасуы тиіс.

Стандарттау жөніндегі ұлттық орган стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдармен келісімдер әзірлеу және талдау, жасасу тәжірибесін қамтитын белгіленген өлшемшарттардың негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын және қосымша қаржыландыруды қажет етпейтін мемлекеттік заңды тұлға болады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) қағидаттарына сай келетін ұлттық стандарттарды әзірлеудің барынша айқын кезеңдері және барлық мүдделі тараптар қатыса алатын осы үрдістегі әрбір субъектінің рөлі белгіленді. Бұл ретте Стандарттау жөніндегі ұлттық органның мақсаты – стандарттау үрдістерінің автоматтандырылған жүйелеріне көшу.

Стандарттарды әзірлеу үрдісінде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер ерекше рөл атқарады, олар әлемдік тәжірибеге сай стандарттар жобаларын техникалық талқылап-тексеруді қамтамасыз етуі керек.

Техникалық комитеттер алаңында өндірушіден бастап мемлекеттік орган мен соңғы өнім тұтынушыға дейін барлық мүдделі тараптар болуы керек. Әрбір қатысушының рөлі оның мүддесіне сәйкес болады.

Тұтынушы үшін – сапа, қауіпсіздік, үнемділік.

Академиялық орта үшін – әзірлемеге ғылыми тұрғыдан қарау.

Бизнес үшін – тиімді өндіріс, импорттың орнын басу және т. с. с.

Заң қабылданғаннан кейін стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің құрамдарын қайта қарау және барлық мүдделі тараптардың өкілдерімен толықтыру жұмысы жүргізіледі.

Қолданыстағы заңнамада халықаралық, аймақтық, шетелдік стандарттар Қазақстан Республикасының аумағында құжаттардың деректерін уәкілетті органда есептік тіркеу рәсімінен өткеннен кейін пайдаланыла алады.

Заң жобасының аясында құжаттардың деректерін есептік тіркеу және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын тұсын белгілеу бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет елінші жағдайда алып тасталады:

  • ұлттық стандарт ретінде;
  • ұйымның мақсаттарын іске асыру үшін ұйымның стандарты түрінде.

Бизнестің халықаралық, аймақтық, шетелдік стандарттарды бұлай қолдануы халықаралық технологиялар трансферті және т.  с. с. нарығына көшуде үлкен қадам жасауға жол ашады. Бірақ бұл құжаттар бейберекет қолданылады деген сөз емес. Сәйкесінше, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде халықаралық, аймақтық, шетелдік стандарттардың қандай жағдайларда ұлттық стандарттарды әзірлеген кезде қолданылатыны, қандай жағдайларда ұйымдардың стандарттары ретінде тікелей қолданылатыны айқындалады.

Метрология саласындағы даму

1-кезеңнің аясында да метрология жүйесін жетілдіру жұмыстары басталды.

«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасының салалық Заңына түзетулер әзірленді.

Метрология саласында дайындау технологияларының деңгейін және шығарылатын өнімнің сапасын арттырудың тиімді тетігі болып табылатын өлшеу құралдарын калибрлеуді дамыту арқылы жаңа әдіс енгізіледі, бұл бизнестің дамуына жол ашады. Калибрлеу – дәлдікпен өлшеуге қол жеткізудегі ыңғайлы әрі өзін-өзі реттейтін тетік, соған байланысты отандық өндірушілер және бизнес алынатын өлшеу нәтижелерінің дәлдігін өз бетінше реттеу мүмкіндігі ретінде калибрлеуге көшуге мүдделі.

Алайда тексерудің кең тарауына байланысты Қазақстанда өлшеу құралдарын калибрлеу баяу дамуда. Қолданылатын өлшеу құралдарының көп бөлігі мемлекет тарапынан бақыланады және сәйкесінше тексеріліп тұрады. Бұл – мемлекеттік метрологиялық бақылау саласының экономиканың барлық дерлік саласында қолданылатын барлық өлшеу құралдарын қамтитындықтан орын алатын жағдай. Осыған байланысты эталондар мен өлшеу құралдарын тексеруден калибрлеуге заңнама тұрғысынан көшу көзделген.

Бұдан басқа мемлекеттік метрологиялық бақылаудың жаңа үлгісі енгізіледі.

Қазіргі таңда мемлекеттік метрологиялық бақылау саласы өте ауқымды және бүкіл өлшеу құралдарының жалпы санының іс жүзінде 90 %-ын міндетті түрде тексеру көзделеді.

Жаңаша тұрғыдан қарау Өлшемдер тізбесін бекітуді көздейді, оларды бизнес-құрылымдардың қатысуымен салалық мемлекеттік органдар жасайды. Осы Тізбелерде көрсетілген өлшеу құралдары тексеріліп тұрады, қалғандары ерікті түрде калибрленіп отырады. Бұл бизнеске әкімшілік қысымды азайтуға мүмкіндік береді, өйткені осы Өлшемдер тізбесінде аталған өлшемдер ғана мемлекет тарапынан реттеледі және бақыланады, бұл сондай-ақ мемлекеттік бақылаудың ашық болуын қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы даму

Реформалаудың келесі кезеңі – техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды сақтау бойынша өнімді мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізу.

Мемлекеттік органдардың мұндай бақылау функцияларын жүзеге асыру құзыретінің болуы (болмауы) мәселесі бойынша ЕЭО мен Қазақстан Республикасының заңнамаларына атқарымдық талдау жүргізілді. Нәтижелері бойынша ЕЭО мен Қазақстанның техникалық регламенттерінің 69 %-ының талаптарының мемлекеттік бақылау барысында тексерілетіні анықталды. Атап айтқанда, бұл – тамақ өнімдері.

Сонымен қатар ЕЭО-да 2008 жылдан бастап өнім нарығын қадағалау үлгісі сәтті пайдаланылуда. Қадағалау жүйесі Қазақстанда заңнамалық деңгейде іске асырылуы тиіс төртінші негізгі бағыттан тұрады:

  • біріншіден, бұл – өнім нарығын бірыңғай қадағалау жүйесін құру. Бұл үшін заңнамалық деңгейде техникалық регламенттердің талаптарын сақтау бойынша өнімді қадағалау жөніндегі уәкілетті органды айқындау, мемлекеттік органдардың, нарық субъектілерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігін бекіту қажет;
  • екіншіден, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағыдай (ЖШС, АҚ) бақылау субъектісін емес, өнімнің өзін бақылау объектісі ретінде айқындау;
  • үшіншіден, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімнің бақылануын қамтамасыз ету;
  • төртіншіден, жазаның мөлшерін келтірілген нұқсанға сай белгілеу («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Кодексін (04.05.2018 берілген өзгерістер мен толықтырулармен) және Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 226-V Қылмыстық кодексін (09.01.2018 берілген өзгерістер мен толықтырулармен) қолдана отырып).

Бұл үшін «Кейбiр заңнамалық актiлерге техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Концепцияны дайындау жұмысы басталды.

Қоса атқарылатын, бірақ айтарлықтай маңызды тағы бір жұмыс бағыты – техникалық реттеудің ақпараттық үрдістерін сандық жүйеге көшіру және автоматтандыру.

Ішкі нарықты ұлттық деңгейде қауіпсіз емес әрі сапасыз өнімнен қорғау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп камералық бақылауды жүзеге асыру үшін осы мәселелер бойынша бірқатар бірлескен жұмыстар атқарылады.

Еуразиялық экономикалық комиссиясына сәйкестікті бағалау саласындағы дерекқорларды біріктіру жұмысы басталды.

Жаңа заман талабына сәйкес болу үшін алдымызда Төртінші өнеркәсіп төңкерісі жағдайларында тарихи өрлеу қарсаңындағы бүкіл техникалық реттеу жүйесін реформалау бойынша атқарылар үлкен жұмыс тұр.